Жалпы ақпарат

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен 2007 жылы 14 ақпанында құрылған. Ақтөбе облысындағы бірден-бір Республикалық деңгейдегі Ерекше Қорғалатын Табиғи Аумақ (ЕҚТА) болып табылады.

ҚұрылтайшысыҚазақстан Республикасы Үкіметі. Ауыл шаруашылығы Министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитеті.

Негізгі міндеттері:

—   Қазақстандағы ақбөкендердің Бетпақдала таралымындағы киіктерді;

  • Дүниежүзілік орнитологиялық маңызы бар сулы-батпақты өлкені;

— далалық экожүйені және ондағы биологиялық алуан түрлілікті сақтау, қорғау, көбейту;

Осы уақытқа дейін резерваттың жер көлемі — 763 549 га болып келді, 2016 жылдың аяғында 27-ші желтоқсанда ҚР Үкіметінің Қаулысымен  409 962 гектарға ұлғайтылды.  Қазіргі жер көлемі- 1 173 511 га.

Резерват территориясы Ырғыз ауданының ауылдық округтері: Нұра — Тәуіп, Жайсаңбай ауылдық округтерінде және ауданның жер қорында  орналасқан

Сонау Кеңес Одағы заманында ерекше қорғауға алынып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің  1967 жылғы  қаулысымен құрылған «Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы (заказник)» штаттық кестесімен резерват ашылғанға дейін жұмыс істеп келді. Қазір де заказниктің 296 000 гектар жері табиғи резерватқа басқаруға бекітіліп берілген.  ЕҚТА-ның жалпы жер көлемі  1 469 511 га.

Резерват территориясы солтүстігінде Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданымен (25 км), шығысында Қостанай облысымен (240 км) толықтай шектессе,  оңтүстік шығысында және оңтүстігінде Қарағанды (25 км) және Қызылорда облыстарымен шекаралас немесе жанамалай шектеседі.

Резерват территориясы  №1 «Алакөл», №2«Қосбүйрек»,  №3 «Атанбасы» учаскелерінен тұрады.

№1 «Алакөл» учаскесінің аумағы — 108 181 га. Ырғыз ауданының Нұра селолық округінде орналасқан.

№2 «Қосбүйрек» учаскесінің аумағы – 580 415 га. Ырғыз ауданының Тәуіп селолық округінде орналасқан.

№3 «Атанбасы» учаскесінің аумағы – 484 915 га. Ырғыз ауданының Жайсаңбай және Тәуіп селолық округтерінде орналасқан.

Ауа-райы

Ауа-райы тым континентальды, қыс мезгілінде қары аз жауады, дегенмен боранды аязды күндерімен, ал жаз мезгілінде шаңды боранымен ерекшеленеді.

Қыс мезгілінде төмен температурадағы ауа-райы 5 айға (қазан-наурыз), орташа температурасы қаңтар айында -16°С, ең төменгі температура  -45°С –қа дейін түседі. Жаз мезгілі ыстық, күндіз 25°С, түнде 12 °С максимум ыстық 43 градусқа дейін көтеріледі.

Қыста қар аз түседі, максимум 40 см, минимум 5 см –дейін қар жауады. Жауын-шашын жылдық мөлшері 150 мм–ден аспайды.

Ырғыз-Торғай көлдер жүйесі

Ырғыз-Торғай көлдер жүйесі 1976 жылы Қазақстандағы  дүниежүзілік маңызы бар сулы-батпақты өлке ретінде Рамсар Конвенциясы тізіміне енген. Көктемде Үндістан, Пәкістан елдерінен ұшқан бірнеше миллиондаған құстар осы аумақта аялдап Батыс Европаға, Сібірге ұшуын жалғастырады, немесе осында қалып ұя салады күзде кейін қайтады.

Аталған аумақ — Мұғалжар  мен Ұлытау аралығындағы орасан зор 200 мыңнан астам шаршы км территорияның миллиардтаған текше метр еріген қар суын жинайтын Ырғыз (500 км), Торғай (950 км), Өлкейік (270 км) өзендері бойындағы көлдер жүйесі және «Шалқар теңіз» алабы қалыптастырған дүниежүзілік маңызды сулы батпақты өлкесімен айшықталады.

Судың азайып, көбеюі биологиялық бірнеше түрдің саны мен сапасына ерекше әсер етеді. Жалпы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында орташа тереңдігі 1,5-2,5 м болатын үлкенді-кішілі, аты мен заты сақталған 95 көл тіркелген, оның 66-ы резерват, заказник аумағында. Жалпы көлдердің 29-ы Ырғыз, 54-і Торғай, 12-і Өлкейік өзендерінің көктемгі тасқын суымен толығады, ауданда 61 128 га жерді су алып жатыр.

Құстары

Бұл өлке су, су маңы және далалық құстарға да өте бай, барлығы 250 түрлі құс кездессе, оның 32-сі ҚР Қызыл Кітабына енген, қазір оның 25 түрі  тұрақты тіркеуге алынған. Шалқар тебіз аймағы қоқиқаздардың мекендеу ортасы ретінде тіркелген.

Сүтқоректілер

Сүтқоректілер  42 түрді құрайды, олардың  ішінде  екеуі  ҚР-ның «Қызыл Кітабына» енгізілген: Бобринский жарқанатыКожанок  Бобринского –Vespenillo bobrinskii мен Шағыл мысығы-Барханный  кот — Felis margarita.. Индикаторлық  түрлер  саны – 3; оның ішінде Киік — Сайга-Saiga tatarica, Қабан — Кабан- Sus  scrofa, Бархан мысығы-Барханный  кот — Felis margarita.

Жыртқыш тобынан қасқыр(Canis lupus), түлкі (Vulpes- Vulpes), қарсақ (Vulpes corsac), борсық (Meles meles). Далалық зонада негізі омыртқалылардан  көп тараған кеміргіштер: үлкен сарышұнақ (Citellus  major), кіші сарышұнақ (Citellus  pydmaeus), дала  тышқаны (Sicsta  subtilis), сонымен қатар құлақты  кірпі (Hemiechinus auritus),  қоянтәрізділерден ор қоян (Lepus europeus), Құм  қоян- Заяц-толай – Lepus tolai кездеседі.

Балықтар

Балықтар фаунасы: балықтардың негізінен 8түрі өсіп өнеді. Солардың ішінде аймақтың су бассейндерінің жылдық толу, тұздану цикліне  бейімделген негізгі түр Сазан- Суprinus  carpio  aralensis,  Күміс түсті  мөңке балық -Серебряный  карась –Carassius auratus, Алтын  түсті  мөңке балық -Золотой карась – Carassius  carassius , Аққайран -Язь – Leuciscus idus, Торта -Плотва  —  Rutilus  rutilus, Тран -Лещ- Abramis  brama, Оңғақ -Линь – Tinca tinca .    

Бауырымен жорғалаушылар

Бауырымен жорғалаушылар резерват территориясында бауырымен жорғалау -шылардың 14 түрі бар деп тіркеп отырмыз. Дегенмен бұл жорғалаушыларды зерттеу жұмыстары толық аяқталған жоқ. Негізінен  бұлардың ішінде тіркеуге алынатыны дала сұржыланы (Vipera-ursiuii), шұбар жылан (Elaphe  dione),  сұр кесіртке (Lacerta agitis),түсті кесіртке (Eremias arguta).

Флорасы

ЕҚТА шөлді және жартылай шөлейт аймаққа орналасқанымен қайталанбас ланшафтарға кенде емес. 423 өсімдік түрі бар, оның 4 эндемикалық, 4 индикаторлық болып саналады. Резерват ашылғанда Қызыл Кітапқа енген өсімдік түрі жоқ деп саналып келсе,   далалық зерттеулер қорытындысымен леман қызғалдағы- тюльпан Лемана – Tulipa Lehmanniana, 2016 жылы 3 түр Биберштейн қызғалдағы- Т.Биберштейновский-T.Biebersteiniana Schult және жатаған — Тюльпан поникающий-Tulipa patens, қос гүлді қызғалдақ-тюльпан двухцветковый-tulipa biflora өсімдіктерінің гербарий материалы жиналып, резерватта өсетіні анықталды.

Резерват Қазақстандағы өсімдіктерінің ең ежелгісі болып саналатын «тораңғы»  және ерекше қорғауға алынған «сексеуіл» тоғайларымен ерекшеленеді.

Киік

Қазақтанда киіктердің үш популяциясы мекендейді: Бетпақдала, Үстірт, Орал. Резерват құрылғаннан бері Бетпақдала таралымындағы ақбөкендер саны 2007-2021 жылдар аралығында 22 мыңнан 285 мыңға дейін өскен болатын.  Киіктердің саны  әуесанағы кезінде мәліметтерден алынады. Әуесанақ жылына бір рет «Охотзоопром» тапсырысымен жүзеге асырылады.Санақты сәуір айында, киіктер төлдеуі алдында жасайды.

Өкінішке орай 2015 жылы киіктердің төлдеуі кезінде орын алған табиғи апат — індеттен  Бетпақдала поуляциясының Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстарының     90%-ы  өлім-жітімге ұшырады.  Өлген немесе ауырған киіктердің талдау нәтижелеріне сүйенсек (қан, тері, сілкей талдамалары)  геморрагиялық септицемияның негізгі себебі болып Pasteurella multocida бактериясы болған. Жаппай өлімге алып келген бұл бактерияның қозуына не себеп болғаны анықталуда.

Басқа жұптұяқтыларға қарағанда киік тез өсімтал жануар. Тез қарқынмен көбеюі осындай жаппай қырылудан кейін аз уақыт аралығында қалпына келеді.  2016 жылғы әуе санағы Бетпақдала таралымында 36 мың киік, 2021 жылы 285 мың бас  киік саналды. 2021 жылғы әуесанақта Бетпақдала  таралымдағы киіктердің басым көпшілігі біздің ерекеше қорғалатын табиғи аумақта шоғырланғанын көрсетті.

Киіктердің резерват территориясында төлдеуі кезінде  резерват қызметкерлері Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы жоба кординаторы, Франкфурт зоологиялық қоғамының маманы (Германия) -Ш.Цутер, ҚР Білім және Ғылым министрлігі «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК-нің қызметкерлерімен, Ұлыбритания Корольдік ветеринария колледжі профессоры Р.Кок бастаған ғалымдарымен бірлесіп,  киіктерден сынама алу (қанынан, шуынан, сілекейінен, топырақтан, өсімдіктерден) және салмағын, жынысын анықтау, зерттеу жұмыстарына қатысып келеді.

Дүниежүзі бойынша алғаш рет 2010 жылы киіктерге спутниктік қарғы (ошейник) тағу  бізде жүргізілді, сондай-ақ 2014 жылы Қазақстан бойынша 150 киіктен, оның ішінде біздің резерват аумағында 95 киікті ұстап сынама алынды, кейбіреулеріне спутниктік бақылау қарғылары тағылды. 2017 жылы қыркүйек айында Бетпақдала популяция таралымына жататын 9 дарақ киікке спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды. Оның ішінде Ырғыз-Торғай резерваты аумағынан 6 дарағы кездесіп отырады. Спутниктік қарғыбау (ошейник) тағылған киіктердің таралу картасы   апта сайын алынып, қозғалыстары зерттеліп отырылады.

Табиғи, тарихи ескерткіштер

Өлкейек өзені бойындағы көпір. Орналасқан жері: Нұра, Дүкен елді мекені Өлкейек өзені бойында резерват аумағының №2 учаскесінде  Координатасы:  E620001835, N 490 031 151. Сипаттамасы: 1860-жылдары патша үкіметінің Ырғыз және Торғай уездерінің арасында байланыс орнату үшін Өлкейек өзенінің үстінен салғызған көпірі. Көпірдің тіреуі бетон құймаларынан, өзі темірді бір-біріне бекіту арқылы жасалынған. Сол замандағы пошта қатынасының маңызды жолының бойында орналасқан.

Дүйсенбі аһун мешіті. Орналасқан жері: Ырғыз ауд. Жайсаңбай ауылының солтүстік-батысында 7км жерде.№ 1-учаскенің қорғау аймағында.Координатасы: E 620261391, N 480 041 707Сипаттамасы:  (1909-13, Ырғыз ауд. Жайсаңбай а.)Жайсаңбай ауылының солтүстік-батысында 7 км жерде. Төртбұрыш тәрізді (9.60х24,20 м.), солтүстік-шығысында сегіз қырлы сүйрік мұнарасы бар, мұнара қаңылтырмен қапталған, биіктігі 19 м. Қабырғасы күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген. Дүйсенбі аһун Имашұлының басшылығымен халық қаржысына тұрғызылған. Мешітті салуға Орынбор және Уфа қалаларынан шеберлер қатысқан. Жергілікті халық Шөмекей руының тоқа аталығынан болуына қарамастан оның құрылысында Еділ бойы халықтарының ою-өрнектері салынған.

 

Жапақ тамы мазары. Орналасқан жері: Жайсаңбай ауылының шығысына қарай 7 км. №1учаскенің қорғау аймағы. Координатасы: E 620351546 N 480 011 473. Сипаттамасы: (ХІХ ғ. ескерткіш) — Ырғыз ауданының Жайсаңбай ауылының шығысына қарай 7 км. жерде. Сыртқы шеңберінің диаметрі 8 кез. Қасбеті дөңгелек ғимаратты тең бөлікке бөліп тұр. Мұнара-күмбезшелер құрбандық орны тәрізді сыртқа қарайды. Мазардың ішкі бөлігінде төрт жер асты қабырларының үстінде сахна тәрізді тұғырлар орналасқан.

Шалқар-Нұра геоморфологиялық объектісі Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық объектілерінің тізбесін бекіту туралы Қазақстан Републикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі №932 қаулысымен бекіген  Резерват аумағының №1 учаскесінде  орналасқан.Мезозой эрасында теңіз Батыс Қазақстанды толық басып, Каспий, Арал теңіздері мен ЕҚТА-ындағы Шалқар теңіз алабы біртұтас жалғасып жатқаны мәлім. Оған Арал мен Шалқар теңіздерінің салыстырмалы биіктіктерінің айырмашылығы 12-13 м ғана екендігі және теңіз алабы жағалауларынан табылған ұлу бақалшақтарының, акула тісінің, басқада климаты жайлы олигоцен дәуірінде өмір сүрген ежелгі теңіз жәндіктерінің тасқа айналған гипстік қалдықтары табылуы, өсімдік жапырақтары таңбасы  түскен тастар, тасқа айнала бастаған өсімдіктер т.б. (резерват мұражайында сақтаулы) оған айқын дәлел бола алады.  1913 жылы Торғай және Ырғыз өзендері, Жыңғылдыөзек, Тегене, Ақсай, Баймұрат, Талды т.б. өзек-сайлар суы құятын «Шалқар теңіз» алабының (қазір аумағы 150 мың гектардай алып сорға айналған) солтүстік жағалауынан «Шалқарнұра» үстіртінің етегінен әлемде теңдесі жоқ  өсімдікпен қоректенетін сүтқоректілердің алыбы мүйізтұмсық тұқымдасына жататын бірақ мүйізі жоқ, үш тұяқты, биіктігі 7, ұзындығы 8 метрге жететін  алып хайуанның бірнеше дарағының сүйек қаңқалары табылған.

WeCreativez WhatsApp Support
Сәлеметсіз бе! Сізге қалай көмектесе аламыз?