Адам ата жерге түскен соң барлық жан-жануар Ұлық Алланың елшісін көруге ынтық болыпты. Сол кезде ең алғаш Адам атаны көрген ақбөкен деседі. Ол “Алланың халифасы жерге түсті” дегенді ести сала қазақ даласынан Жидда тауына қарай желіп отырыпты. Ол кезде Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде үй салып, тіршілік кешіп жатыр екен. Ақбөкен ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып, Адам атаның тұрағына жеткенде құлап түседі. Адам оны көтеріп алып, үйіне әкеледі де оған інжірдің жапырағын беріп асырапты. Адам ата мейірленіп оның тұмсығынан сипағанды жақсы көреді екен. Соның қолы тигендіктен ақбөкеннің тұмсығы өзге аңдардаң ерекше, сұлу болып бітіпті. Арқасынан сипағанда, денесінен хош иіс шығыпты. Аяғынан сипағанда тұяғына қасиет бітіпті. Қуса жеткізбейтін жүйрік жануарға айналыпты. Тұяғы мың бір ауруға ем болыпты. Көзінен өпкенде жанарына көрік бітіп, сұлу жануарға айналып шыға келіпті. Мүйізінен ұстағанда оған да шипалық қасиет дарыпты. Пайғамбардың алақаны беліне тигенде, буаз кезінде іштегі лағының жынысын қалауына қарай өзгерте алатын болыпты.
Ақбөкеннің арнайы келуіне риза болған Адам ата:
-Жануарым, бұйымтайың болса айт,мейірімді Алладан дұға етіп, бір мұқтаждығыңды өтейін,- дейді.
Сонда ақбөкен:
- Төлдегенде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан қалса қасқыр шабады. Даланың шөбі төлдерге ауырлық етіп, қоң жинай алмайды. Осы қиындықтан құтқарсаң, — депті.
Адам ата Аллаға ақбөкеннің арызын жеткізіп, қиындықтан құтқарыпты.
Содан бастап Алланың әмірімен киіктер төлдейтін кезде бетпақдалада шыбын-шіркейді шығартпайтын суық болады екен. Бұны қазақта “Құралайдың салқыны” деп атайды. Алла Тағала сол уақытта қасқырдың киікке деген тәбетін тыяды. Құралайлар көшке ілескенше жыртқыштар оларға жақындай алмайды. Жас киікке арнап даладан түйежапырақ деген шөп шығарады. Ол тек киік төлдейтін кезде қурап,сарғаяды. Алыстан ұйқыда жатқан кішкентай құралай мен түйежапырақты ажырату мүмкін емес!
Міне, содан бастап киікке кие бітіп, қасиетті түз тағысы саналыпты. Оны нақақ өлтірген адам Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар.
Мәліметтер жинақтаған:Қ.Кулсейтова-мемлекеттік инспектор.
