Жыл сайынғы дәстүрлі түрде наурыз-мамыр айларында жүргізілетін «Парктер шеруі-2024» табиғатты қорғау акциясы биылғы өз жұмысын аяқтады. Акция төңірегінде түрлі экологиялық шаралар, сенбіліктер ұйымдастырылып, мектеп оқушылары мен тұрғындар арасында табиғатты қорғау, экологиялық мәселелер көтеріліп, табиғатты қорғау мекемесінің жұмысы насихатталды.
Табиғат қорғау акциясы Ақтөбе облысың Ақтөбе, Шалқар қаласы, Қызылорда облысы, Арал ауданы, Әйтеке би ауданының Жүргенов ауылында, Ұлытау ауданының Қоскөл елді мекенінде және Ырғыз ауданының барлық елді мекендерінің тұрғындары, мектептері қамтылып, ауқымды түрде ұйымдастырылды. Аталған акция аясында халықаралық экологиялық күнтізбеге сәйкес «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Таза су айдындары», «Таза Қазақстан», «Бұлақ көрсең, көзін аш» сенбіліктері, «Әлемдегі ерекше құстар», «Жер біздің ортақ үйіміз» және Арай мәдениет үйінде Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейімен бірлескен музей түні шарасы, Аудандық көркемсурет мектебімен бірлескен«Көктем келді, құстар келді» сурет байқауы, Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейімен келісім-шартқа қол қойылып, музей қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел, Облыс орталағындағы бірнеше мектеп, кітапхана, университеттерде «Парктер шеруі 2024 акциясы» аясында түрлі нысандағы шаралар өткізіліп, сонымен қатар резерват қызметкерлері «Керек инфо» газетіне сұқбат берді.
Жыл сайынғы акцияда мектеп оқушылары асыға күтетін «Құралай» және «Қырдың сәні – қызғалдақ» қолөнер байқаулары, «Құстарға қамқор болайық!» ұяшық жасау байқауы, «Таңғажайып табиғат» суретке түсіру жәнеде ересектер «Шебер қолдар»атты қолөнер байқаулары ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы және ауылдардағы мектептерден аталған бес байқау бойынша, барлығы 125 жұмыс іріктеліп, арнайы құрылған комиссия жүлдегерлерді анықтады. «Парктер шеруі 2024» акциясын қорытындылау шарасын резерват директорының орынбасары А.Жақып ашып, барлық белсенді қатысушыларды табиғат қорғау акциясымен құттықтады. Шараға аудандық музей директоры А.Таубатыров, аудандық кітапхана директоры М.Мырзалы қатысып, оқушыларға тілектерін арнап, әр түрлі номинациялар бойынша естелік сыйлықтар табыстады. Салтанатты шараны мемлекеттік инспекторлар «Алаш ұраны» әнімен тербетсе, «Шабыт» би тобы мың бұралып ерекше көңіл күй сыйлады.



