🗓️2024 жылдың 15-16 тамыз күндері Ырғыз ауданында сардар Алмат Тобабергенұлының туғанына 220 жыл толуына арналған шаралар болып өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен ұрпақтары, ағайындар, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан көшіп келген қандастар, көршілес Әйтеке би және Шалқар аудандарынан азаматтар қатысты.
📌16 тамыз күні Ырғыз ауылынан 22 шақырымда орналасқан Алмат тамы кесенесінің реставрацияланғаннан кейінгі ашылу салтанаты болып өтті. Реставрация жұмыстары 2022-2023 жылдары жүргізілген болатын.
🖇️Марқұмдарға құран бағыштаумен басталған шарада Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары С.Қонақбаев, еңбек ардагері Қ.Кенжебаев, ұрпақтары атынан осы шараның негізгі ұйымдастырушысы Р.Рахиев және Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Ф.Досмұратовтар сөз сөйлеп, кесененің қалпына келтірілу тарихына тоқталды.
📝Аудан орталығындағы «Арай» мәдениет үйінде Алмат Тобабергенұлының туғанына 220 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда қайраткер тұлғаның өмірі мен өнегесі, Алмат мавзолейінің сирек кездесетін сәулет өнерінің ескерткіші ретіндегі құндылығы туралы сөз қозғалды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Р.Бекназаровтың тың деректері мен құнды пікірлері көптің көңілінен шықты. Ырғыз ауданының құрметті азаматы Н.Сәрсенбайұлы, Әйтеке би ауданының құрметті азаматы А.Ермағанбетовтер ел жадындағы сардар туралы жайттар жайлы баяндап, шараның тәрбиелік мәніне тоқталды.







