Музей түні

ЫРҒЫЗ МУЗЕЙ ТҮНІНДЕ: ЖАҢА ЖӘДІГЕРЛЕР мен ЖАЙДАРЫ ЖАНАШЫРЛАР…

  18 мамыр — Халықаралық музейлер күні.  Мәдени маңызы басым мерекеге орай Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі дәстүрлі «Музей түні — 2024» жобасы аясында «Ұлттық қазына — ұрпаққа мұра» атты мәдени-рухани акция өткізді. Акция бағдарламасына сәйкес аудандық музейдің экспозициялық- коллекциялық көрмесі, «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватының табиғат көрмесі және Ырғыз аудандық көркемурет мектебі оқушыларының облыстық, республикалық жүлде алған сурет-қолөнер жұмыстары көрермен келушілер назарына ұсынылды. Музей қорын толықтыру мақсатындағы акцияға аудан тұрғындары қызығушылықпен, белсенділікпен атсалысты. Атап өтсек, өлкетанушы-ақын Серғали Қоблашев өз қолымен қайыстан өрген қамшы мен сыбыртқы сыйласа, ауыл аналары — Жамал Шамиева, Інжу Данабаева, Таланды Жансүгірова, Гүлсім Әлібаева, Рахия Омаровалар ескі тұрмыстық заттар тапсырды. Ал, Геннадий-Баян Сарыбаевтар отбасы кеңестік дәуірде қолданылған тиын-монеталардың толық екі қалтасын тарту етті. Жаңбырбай -Толқын Оспановтар отбасы өздері арнайы қолдан жасатқан әдемі миниатюрлік ағаш қобдишасын тапсырды. Журналист Марат Мырзалы портрет табыстаса, мәдениет қызметкері Рәтбек Бердалиев әкесі қолданған кебіс қалыбын, зейнеткер Қуаныш Райымбаев кезінде аналары тұтынған шоқ үтік сыйлады. Жалпы, акцияға басқа да көптеген тұрғындар белсенді үлес қосты. Мерекелік рухани демалыспен тыныстаған келушілер көп болды. Көрмеге қойылған жәдігерлерге әсіресе жастар жағы асқан қызығушылық танытты. Акцияда Ділімбетовтер, Ұзақбаевтар, Жылқыайдаровтар отбасылық өнерпаздар тобы әннен шашу шашты. Аудандық музей жанындағы «Мұрагер» клубының мүшелері, өнер жанашырлары, өлкетанушылар ізгі тілектерін арнады. Акцияны  Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әлібек Таубатыров қорытындылап, белсенді қатысушы тұрғындарға, мекеме-ұжымдарға Алғыс хаттар табыстады.  Өркениет пен өнерді, тарих пен ұлттық дәстүрді дәріптеген акция көпшілікке жылы әсер сыйлады

WeCreativez WhatsApp Support
Сәлеметсіз бе! Сізге қалай көмектесе аламыз?