Қызыл мия өсімдігінің емдік қасиеті Тұқымдасы: Бұршақтар-Бобовые-Leguminosae Juss Туысы: Мия-Солодка-Glyzyrrhiza L Қызыл мия – Солодка голая – glyzyrrhiza glabra L. «Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» дейді халқымыз. Табиғаты көркем, ауасы жанға жайлы қазақ даласында қаншама табиғат байлығы бар. Қазақ халқының бар өмір тіршілігі табиғатпен тікелей байланысты. Сан ғасырлар бойы қазақ халқы сол өзі аялаған табиғат аясында тіршілік ете жүріп, оның сан алуан құпия сырларына көңіл бөлді. 2007 жылы киік басын сақтау, өсімін молайту, сулы – батпақты өлкені қорғау мақсатында құрылған «Ырғыз – Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» территориясында 423 түрден астам өсімдіктер кездеседі. Солардың бірі –қызыл мия өсімдігі. Қызыл мия — көпжылдық өсімдік. Биіктігі 80-120см, бұтанаң диаметрі -48см, тамыр мойнының диаметрі 2 см. Көлденең бағытталған тамырсабағы 20 см тереңдікте, жоғары қарай шашыраңқы, ал тігінен төмен қарай жанама тамырлар шығады. Жер астына 152 см тереңдікке дейін енеді.Жер асты суынан көтерілген ылғалдылықпен қоректенеді. Сабағы тік бұтақталған. Жапырағы қандауыр, сопақша жұмыртқа тәрізді. Күлтесі күлгін немесе ашық күлгін. Көп тұқымды, сопақша тік, ұзындығы 2-3,5 см тегіс бұршақ қабы болады. Тұқымдары жұмыр,тіктөртбұрыш пішінді. Олардың жоғарғы жағы тегіс күңгірт, қоңыр немесе жасылдау сұр түсті.Тамыры жуан. Сабағы тік өседі, жапырақтары қарама қарсы орналасады. Жапырақ пішіні тақ қауырсынды. Қызыл мияны жинау және кептіру. 3-4 жылдық өсімдікті жинау керек. Жинау кезеңі күздің соңғы күндері немесе ерте көктем мезгілі.Тамырдың топырағын қағып, салқын сумен жуады, бір екі күн тағы сумен шаяды. Тамыр тазарған соң 30-35 см. ұзындықта бөліктерге бөліп, 30+40 с. температурада арнайы кептіргіште кептіреді немесе күн сәулесі қызуымен де кептіруге болады. Кептірілген тамырды 10 жыл сақтауға болады. Қызыл мия өсімдігі адам денсаулығына емдік шипасы мол дәрілік шөп. Біздің дәуірімізге дейінгі 426-484 жылдары бұл дәрілік өсімдік жайлы ежелгі грек тарихшысы Геродоттың өзі қызыл мия тамырының мың сан дертке дауа екенін айтқан. Тіпті бұл өсімдікті «Сақтың,яғни скифтердің алтын тамыры» деп құрметтеген. Қызыл мияның өсу ортасы. Қызыл мия егістік далалы жерлерде және өзен жағасында өседі. Оны Европа, Солтүстік Африка және Азия да Ресейдің оңтүстік бөліктерінде, Солтүстік Кавказда кездестестіруге болады. Бұл өсімдік еліміздің Сырдария, Жайық, Іле, Шу, Қаратал өзендері алқаптарында өседі. Оның ішінде Қызылорданың барлық аймағында кездеседі. Қызыл мияның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, минерал тұздар, қызыл мия қышқылы, күрделі қанттар және крахмал сияқты көптеген дәрумендер болады. Осы қасиеттеріне байланысты олар медицинада, тамақ өнеркәсібінде қолданылады. Жапырағы мен сабағы ертеден мал азығы ретінде пайдаланылып келеді. Қызыл мия жүрек сырқатына, асқазан мен он екі ішек жарасына, дәрілерден, қорғасыннан уланғанда таптырмас шипа болады. Маңызы. Қызыл мияның тамырынан дәрі жасалады. Тамыры бағалы шикізат. Тамырының жағымды тәтті дәмі бар. Тәттілігі жағынан қанттан 50 есе жоғары, тәтті дәмі 1:20000 есе сұйытылғанда да байқалады. Қызыл мия тамырында 23% глицирризин (кальий және кальций тұздар), 27% флаванойдтар, органикалық қышқылдар, эфир майы, дәрумендер(10-30мг) болады. Ғалымдар қызыл мия тамырының химиялық құрамына талдау жүргізген. Онда не жоқ десеңші? Онда крахмал -34%, целлюлоза 30%, біраз мөлшерде фруктоза мен глюкоза барын анықтаған. Мия тамырды «органикалық заттар қоймасы» деп те айтуға болатынын анықтаған. Қызыл мия тамырында жағымды иіс болғандықтан оны тамақ өнеркәсібінде де қолданылады. Мысалы конфеттер, сироп, алкогольсіз сусындар, квас әзірлегенде. Қызыл мия тамырында флафаноидтар көп. Ол бауыр ауруына көмектеседі. Жүрек қан тамырлары қызметін жақсартады, қан құрамындағы холестеринді азайтады. Салқын тигенде, жөтелгенде, тыныс алу, асқазан ауырғанда мия тамырды қайнатпа, сироп түрінде ем ретінде қолданылады. Ем ұзақ уақыт жүргізіледі. Дұрыс ем қабылдау денсаулыққа жақсы әсер береді. Жоныс Гүлсамал Жонысқызы «Ырғыз – Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» ғылыми ақпараттық және мониторинг бөлімінің маманы

WeCreativez WhatsApp Support
Сәлеметсіз бе! Сізге қалай көмектесе аламыз?