Резерват және қаумал аумағында жүргізілген құс санағы, іс-сапар нәтижелері. Қазақстанның кең-байтақ жеріндегі мемлекеттік табиғи резерваттар мен қаумалдар биоалуантүрліліктің, әсіресе құс фаунасының маңызды бекінісі болып табылады. Осы аумақтардағы құс популяциясын жүйелі түрде санау және мониторинг жүргізу тек ғылыми мақсат үшін ғана емес, сонымен қатар табиғатты қорғау шараларының тиімділігін бағалау үшін де өте маңызды болып саналады.Іс-сапардың мақсаты- жыл сайынғы мониторинг жоспарына сәйкес, резерваттың негізгі мекендеу орындарындағы (сулы-батпақты алқаптар, орманды және далалық жерлер) құс түрлерінің санын, тығыздығын және жалпы әртүрлілігін анықтау болып табылады. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты территориясында құстар фаунасының 250 түрі кездеседі, оның 127 түрі ұшып өтетін, яғни Қазақстан бойынша 25%-ы резерват территориясында ұшып өтетіндер. Оның 123 түрі ұялайтындар, олардың 24%-ты біздің территорияда мекендейді. Жалпы Қазақстанда территориясында құстардың 57 түрі Қызыл кітапқа енсе, олардың ішіндегі 34 түрі біздің территориямызда кездеседі. ЕҚТА аумағындағы индикаторлық түрлерге Қызыл кітапқа енген 11 түрі кездеседі. Ғылыми ақпараттық және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкерлерінің Резерват және Торғай зоологиялық қаумалы аумағына жүргізілген құс санағының нәтижелері осы аймақтың экологиялық жағдайы туралы құнды мәліметтер берді. Ырғыз және Торғай өзендерінің төменгі сағасындағы көлдер Қазақстандағы ірі сулы- батпақты алқаптардың бірі және көптеген гидрофильді құстардың ұя салу, уақытша қонақтау орындары, Батыс Азия бағытында миллиондаған ұшып өтетін құстардың миграциялық жолы болып саналады. 2025 жылдың резерват және қаумал аумағына ұйымдастырылған іс-сапарлар нәтижесінде көктемгі құстардың санағы бойынша барлығы 9 отряд 20 түрі бойынша 52562 дарақ , ал күзгі жүргізілген құс санағы боынша 11 отряд 15 тұқымдасы 18 түрі бойынша 21320 құс есепке алынды. «Ырғыз- Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесінің Орнитолог-мемлекеттік инспекторы Сәдуақас Дарын Саятұлы