“Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында маңызды іс-шара өтті “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының мамандары Ырғыз гимназиясы жанынан құрылған “Жас экологтар” жобасының қатысушыларымен бірлесіп экологиялық іс-шара ұйымдастырды. Іс-шара барысында алдымен резерват пен Ырғыз гимназиясы арасында табиғатты қорғау бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында ортақ меморандумға қол қойылып, алдағы уақытта атқарылатын бірлескен жұмыс жоспарлары бекітілді. Шара аясында резерват мамандары мен жас табиғат жанашырлары бірлесіп итмұрын, долана, үйеңкі сияқты ағаш-бұта тұқымдарын егіп, көгалдандыру жұмыстарына атсалысты. Сонымен қатар оқушыларға арналған экологиялық сағат өткізіліп, табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді. Резерват мамандары “Таза Қазақстан” акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақты экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеу екенін атап өтті. Мұндай игі бастамалар өскелең ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, еліміздің табиғи байлығын сақтауға үлес қосатыны сөзсіз.

WeCreativez WhatsApp Support
Сәлеметсіз бе! Сізге қалай көмектесе аламыз?