«Көктем келді-құс келді» Резерваттың орнитофаунасы Халықаралық маңызы бар далалық экожүйе мен сулы-батпақты алқапты ұштастырған ерекше қорғаудағы аумақ, ол — «Ырғыз-Торғай резерваты». Жалпы құстардың мұнда 250 түрі кездессе, оның 127 түрі ұшып өтетін, 123 түрі ұялайтындар. Бұлар 19-отрядқа, 48-тұқымдасқа бөлінеді. Оларды суда жүзетін және су маңы құстары, дала құстары, жыртқыш құстар деп жіктейміз. Осы қанатты тіршілік иелерінің 10 түрінің қысы-жазы мекендеу ортасы «резерват территориясы». Бұл өңірде құрғақ континентальдық климат қалыптасқан. Жазда жылы, шөл даланың құрғақ субтропикалық ауасы кедергісіз еркін жетеді, ал қыста Ырғыз өңірі сан ғасырдан бері табиғи ылғалдың жеткіліксіздігімен, ыстық та қуаң не қара суықты ауа райымен, аңызақ не аязды желімен, шаңды дауылымен, ылғалдың ауаға қарқынды булануымен,оған керісінше жер бетіне түсетін атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің мардымсыздығымен ерекшеленеді, яғни жазы ыстық, қуаң болса, қысы қарлы, аязды келеді. Осы қолайсыз қыс айларында да біздің аумақта қыстап қалатын құстар бар. Ырғыз -Торғай мемлекеттік табиғи резерватының жер көлемі 1 173 511 га Торғай зоологиялық қаумалының көлемі – 296 000 га, жалпы ЕҚТА аумағы 1 469 511 га қамтиды. Резерваттың ашылуы өзіндік зор ғылыми маңызға ие, өйткені, мұнда жыл құстарының ұя салуына, мекендеуіне, ұшып өтуіне, келуіне, ұя басуына және олардың түлеуіне қолайлы жер болып табылады. Ырғыз, Торғай, Телқара, Өлкейік сияқты өзендердің, көлдерің құстарға тигізер пайдасы зор, және бұл өзеннің көлдердің жүйесі халықаралық маңызға ие болғандықтан 1976 жылы Рамсар тізіміне енген. Жалпы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында орташа тереңдігі 1,5-2,5 м болатын үлкенді-кішілі 95 көл тіркелген. Олардың 29-ы Ырғыз, 54-і Торғай, 12-і Өлкейік өзендерінің көктемгі тасқын суымен толығады. «Ақтөбе жер ҒӨО» мәліметіне қарағанда ауданның 61128 га жерін су алқабы алып жатыр. Осы көлдердің 28-і ( ауданы 11853 га) Ырғыз-Торғай мемлекеттіктабиғи резерваты және 38-і (ауданы 33596 га) Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы (заказник) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында (ЕҚТА) орналасқан. 2025 жылғы құстарға жүргізілген есеп нәтижесінде үйректер тұқымдасынан 21614 дарақ есепке алынды (сыбырлақ аққу,сұңқылдақ аққу,ақбас үйрек ж.б).

WeCreativez WhatsApp Support
Сәлеметсіз бе! Сізге қалай көмектесе аламыз?