🇨🇿 Чехиялық туристер Ырғыз–Торғай резерватына ат басын тіреді! 🦌🌿 «Ырғыз–Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» аумағына Қазақстанның бірқатар өңірлерін аралап, ел табиғатымен танысып жүрген Чехия азаматтары арнайы ат басын бұрды. Шетелдік туристердің негізгі мақсаты – қазақ даласының көркіне айналған киіктерді табиғи мекенінде тамашалау. Бұл біз үшін де ерекше әрі жағымды жаңалық болды. Себебі шетелдік саяхатшылардың Ырғыз–Торғай өңіріне қызығушылық танытып, табиғи байлығымызды көруге арнайы келуі – резерваттың туристік әлеуетінің артып келе жатқанының айқын көрінісі. Сапар барысында қонақтар алдымен резерваттың табиғат музейін аралап, өңірдің флорасы мен фаунасы, қорғалатын жануарлар дүниесі және резерваттың табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстары туралы мол мағлұмат алды. Одан әрі туристердің қалауы бойынша киіктерді табиғи ортада бақылау мақсатында далалық іссапар ұйымдастырылды. Кең байтақ дала төсінде еркін жайылып жүрген киіктерді тамашалау шетелдік қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Сапар соңында чехиялық туристер көрсетілген қызмет пен ұйымдастырылған саяхатқа ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. 🤝 Мұндай кездесулер – табиғи мұрамызды халықаралық деңгейде танытуға, экотуризмді дамытуға және шетелдік туристердің Ырғыз–Торғай өңіріне қызығушылығын арттыруға үлкен мүмкіндік.

WeCreativez WhatsApp Support
Сәлеметсіз бе! Сізге қалай көмектесе аламыз?