2 ақпан – Дүниежүзілік сулы-батпақты алқаптарды қорғау күні. 1971 жылы 2 ақпан күні Рамсар қаласында (Иран) суда жүзетін құстардың тіршілік ету орны ретінде халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияға қол қойылды. Бұл құжат бүгінде әлемде кеңінен танымал Рамсар Конвенциясы. Бүгінгі таңда Қазақстанда халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілген 10 нысан бар. Олардың жалпы ауданы 3 281 398 га құрайды. Соның бірі Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты территориясында орналасқан Ырғыз–Торғай көлдер жүйесі. Ырғыз–Торғай көлдер жүйесі – Қазақстандағы ең ірі әрі экологиялық маңызы жоғары сулы-батпақты алқаптардың бірі. Бұл көлдер жүйесіне табиғи көлдер, уақытша су жиналатын ойпаңдар, батпақты жерлер мен өзен аңғарлары кіреді. Ырғыз-Торғай көлдер жүйесі негізінен қар суы мен жауын-шашын есебінен толығады. Су деңгейі жыл маусымына байланысты өзгеріп отырады, бұл жағдай өңірге тән ерекше гидрологиялық режимді қалыптастырады. Көктемгі тасқын кезінде көлдер суға толып, жаз айларында кейбір ұсақ көлдер тартылып қалады. Ырғыз–Торғай көлдері биологиялық әртүрлілігімен ерекшеленеді. Бұл аумақ – қоныс аударатын су құстарының халықаралық маңызы бар мекені. Мұнда қоқиқаз, бірқазан, аққу, қаз-үйрек және басқа да сирек кездесетін құстардың көптеген түрлері кездеседі. Сонымен қатар көлдер маңында балықтар, қосмекенділер, су өсімдіктері мен дала фаунасының өкілдері тіршілік етеді. Аталған көлдер жүйесі табиғи сүзгі қызметін атқарып, судың сапасын жақсартады, климаттық тепе-теңдікті сақтауға және шөлейттену үдерісін тежеуге ықпал етеді. Ол сондай-ақ жергілікті халық үшін табиғи ресурс көзі және экологиялық ағарту мен ғылыми зерттеулер жүргізуге маңызды аймақ болып табылады. Ырғыз-Торғай резерват территориясында 30 көл, ал Торғай мемлекеттік табиғи қаумал аумағында 38 көл бар. Ырғыз-Торғай көлдер жүйесі арқылы көктемде құстар шығыс Сібірге, Батыс Европаға, ал күзде оңтүстік өлкелерге, Индия мен Пәкістанға ұшып өтеді, уақытша аялдайды. ЕҚТА-да құстардың 250 түрі кездеседі. Қазіргі таңда бұл аумақты қорғау, экожүйелерді сақтау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытында арнайы табиғат қорғау шаралары жүргізіліп келеді.

 

WeCreativez WhatsApp Support
Сәлеметсіз бе! Сізге қалай көмектесе аламыз?