Тораңғы туралы не білеміз? Тораңғы (Populus diversifolia) — шөл және шөлейт аймақтарда өсетін сирек кездесетін ағаштардың бірі. Ол терек тұқымдасына жатады және ғылыми атауы – әртүрлі жапырақты терек. Тамыр жүйесі өте қуатты, жан-жаққа таралып, тереңге бойлайды. Кейбір зерттеушілер «тораңғы» атауының өзі оның торланған тамырларына байланысты шыққан болуы мүмкін деп болжайды. Тораңғы табиғаттың қатал жағдайларына ерекше бейімделген. Ол құрғақшылыққа, аптап ыстыққа және сортаң топыраққа төзімді келеді. Тамырлары жер асты ылғалына дейін жететіндіктен, шөлді аймақтарда да жақсы өсіп, дамиды. Қолайлы жағдайда бірнеше жүз жыл өмір сүре алады. Кейбір табиғи тоғайларда биіктігі 2 метрден 17 метрге дейін жететін, жасы 70 жылдан асқан ағаштар кездеседі. Тораңғының басты ерекшелігі – жапырақтарының әртүрлі пішінде болуы. Бір ағаштың өзінде домалақ, сопақша және үшкір жапырақтар қатар кездеседі. Осы ерекшелігіне байланысты ол «әртүрлі жапырақты терек» деп аталған. Қазақстанда тораңғы көбіне Іле және Сырдария өзендерінің аңғарларында, сондай-ақ шөлейт өңірлерде өседі. Бұл ағаш құм көшкіндерін тоқтатуға, топырақты бекітуге және қоршаған ортаның экологиялық тепе-теңдігін сақтауға зор үлес қосады. Сонымен қатар көптеген құстар мен жануарларға мекен болып табылады. Тораңғы ағаштары ежелгі дәуірлерден сақталған табиғи мұра саналады және ғалымдар оларды реликт ағаштар қатарына жатқызады. Ырғыз–Торғай мемлекеттік табиғи резерваты аумағында реликт түр – тораңғы (Populus diversifolia) тіркелген. Оның анықталған координаттары: N48°23′652″, E062°44′116″. Резерваттың Айжарық және Өтеген учаскелерінде көлемі шамамен 400 гектарды құрайтын тораңғы тоғайы өседі. Сондай-ақ Жанбай бұлағы маңында да тораңғы тоғайлары қалыптасқан. Бұл аумақтарда жыл бойы мониторинг жүргізіліп, тораңғы популяциясының жағдайы тұрақты екені анықталған. Тораңғы табиғаттағы ерекше әрі пайдалы ағаштардың бірі болғандықтан, көптеген өңірлерде қорғауға алынған. Оның азаюына заңсыз ағаш кесу, су көздерінің тартылуы және климаттың өзгеруі әсер етуде. Сондықтан тораңғыны сақтау мен қорғау – табиғи мұрамызды келер ұрпаққа аман жеткізудің маңызды міндеттерінің бірі.